14
қараша
2025
ЛИЦЕЙ ОҚУШЫЛАРЫМЕН МАҢЫЗДЫ КЕЗДЕСУ
Бүгін Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты Ө. Жолдасбеков атындағы №9 ІТ лицейімізде Әл-Фараби ауданы әкімшілігінің ұйымдастыруымен 9-сынып оқушыларына арналған мазмұны терең, тәрбиелік бағыты ем зор кездесу өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – өскелең ұрпаққа адамгершілік құндылықтарды дәріптеу, құқық бұзушылықтың алдын алу, деструктивті діни идеологиядан сақтандыру, сондай-ақ оқушылардың бос уақытын тиімді өткізу, спортпен шұғылдану мәдениетін қалыптастыру болды.
Кездесуге бірқатар саланың тәжірибелі мамандары мен қоғам белсенділері қатысты. Олар:
Мәдени даму, спорт және мемлекеттік қызмет көрсету бөлімінің басшысы – Әбіл Елғонды Қасқырбекұлы
Дін істері басқармасының теологы – Шамуратов Алихан Дилмуратұлы
Спорт басқармасы, Олимпиада резервін дайындау орталығының өкілі – Алтынбеков Бауыржан
Ардагер аналар төрайымы – Алтанова Ынтызар
Жастар ісі төрайымы – Нуртаева Әсия
Шақырылған қонақтар қазіргі жас буынның алдында тұрған әлеуметтік, рухани және құқықтық мәселелер туралы өзекті пікірлерімен бөлісіп, өмірлік тәжірибеге негізделген маңызды кеңестер берді.
Әбіл Елғонды Қасқырбекұлы жас ұрпақтың мәдени дамуы, тұлға ретінде қалыптасуы, қоғамдық жауапкершілікті сезінуі – елдің ертеңі үшін аса маңызды екенін атап өтті. Ол оқушыларды әр ісінде жауапты болуға, отансүйгіштік рухын қалыптастыруға, адалдық пен еңбекті бағалауға шақырды.
Теолог Алихан Дилмуратұлы діндегі радикалды ағымдардың белгілері, жастарды арбау тәсілдері және одан қорғану жолдары туралы нақты әрі түсінікті ақпарат берді. Ол дұрыс діни білімнің маңызын, отбасымен тығыз қарым-қатынастың, ұлттық тәрбиенің қажет екенін ерекше атап өтіп, оқушыларды саналы, сауатты, ақпаратты тек ресми көзден алуға шақырды.
Алтынбеков Бауыржан спорттың адам өміріндегі рөлі, бос уақытты тиімді ұйымдастырудың пайдасы, спорттың тәртіп пен жігерді қалыптастыратыны жөнінде айтты. Ол оқушыларды салауатты өмір салтына, денсаулықты нығайтуға және тұрақты түрде спортпен айналысуға үндеді.
Ардагер аналар төрайымы Алтанова Ынтызар ата-ананың рөлі, отбасындағы тәрбиенің негізі және үлкенді құрметтеу, адамгершілік қағидалары жөнінде жүрекжарды тілегін білдірді. Ұлттық тәрбие, инабаттылық, ізеттілік – әр қазақ баласының бойында болуы тиіс асыл қасиеттер екенін атап өтті.
Жастар ісі төрайымы Нуртаева Әсия заманауи жастар алдында тұрған мүмкіндіктер мен тәуекелдер жайлы сөз қозғап, дұрыс орта таңдаудың, пайдалы әдеттер қалыптастырудың маңызын түсіндірді.
Кездесу барысында оқушылар көкейіндегі сұрақтарын қойып, әр сала маманынан құнды жауаптар алды. Іс-шара жасөспірімдерге өз болашағы үшін жауапкершілікпен қарап, уақытты бос өткізбеуге, құқықтық мәдениетті сақтап, жат қылықтардан аулақ болуға зор әсер етті.
Осындай мазмұнды, тәрбиелік мәні зор кездесулер жас ұрпақтың саналы түрде дұрыс таңдау жасауына, қоғамның белсенді, білімді, мәдениетті азаматы болып қалыптасуына үлкен ықпал ететіні анық.


