20
қыркүйек
2025
ТАЗАЛЫҚ ПЕН ДЕНСАУЛЫҚ-БАҚЫТТЫ БОЛАШАҚ КЕПІЛІ
Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты Ө. Жолдасбеков атындағы №9 ІТ лицейімізде 1, 2 ауысым 6,7-сынып қыз балаларымен өте маңызды әрі тәрбиелік мәні зор кездесу ұйымдастырылды. Бұл жиналыстың негізгі мақсаты – жасөспірімдердің репродуктивті және психикалық денсаулығын қорғау, оларды салауатты өмір салтына баулу, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу болды.
Жиында ДТІЖО Дусметова Н.Р, лицей медбикелері Лефентова Ольга,Алсейтова Ақмарал және АПҚО жетекшілері Мошкалова Л. Д, Абенова Ж. А түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, қыз балаларға жеке гигиенаны сақтау, етеккір кезінде тазалық ережелерін орындау, гигиеналық құралдарды уақтылы ауыстыру, қолды жуу, мектеп дәретханасында тазалық сақтау туралы толық әрі нақты ақпарат берді. Әсіресе фотодағы ескертпелерге сүйене отырып, «Тазалық – саулықтың, саулық – бақыттың бастауы» қағидасы кеңінен талқыланды. Қыз баланың ең үлкен әшекейі – оның тазалығы мен мәдениеті екендігі айтылды.
Сонымен қатар, ерте жүктіліктің алдын алу, маскүнемдік, нашақорлық, лудомания және құмар ойындардың зияны туралы ашық әңгімелер жүргізілді. Бұл мәселелердің әрқайсысының денсаулыққа, психологияға және болашақ өмірге тигізетін теріс әсерлері нақты мысалдар арқылы түсіндірілді. Қыздарға қиындық туған жағдайда кімге жүгінуге болатыны, сенім телефондары мен мектеп психологының көмегі жайлы ақпарат берілді.
Жиын барысында қыздар өз сұрақтарын қойып, пікірлерімен бөлісті. Осындай кездесулер олардың өзін-өзі құрметтеуін, жауапкершілік сезімін арттырып, болашақта саналы, салауатты өмір салтын ұстануына жол ашады.
Бұл шара «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының «Салауатты өмір салты» бағыты аясында жүзеге асырылып, қыз балаларға тән тазалық, мәдениет пен жеке қауіпсіздікті қалыптастыруға үлкен үлес қосты.
Салауатты, мәдениетті ұрпақ тәрбиелеу – біздің ортақ мақсатымыз!



