11
маусым
2026
«ENGLISH PARTY» – ТІЛ ҮЙРЕНУГЕ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚТЫ АРТТЫРҒАН ТАНЫМДЫҚ КЕШ
Ө.Жолдасбеков атындағы №9 ІТ лицейі жанындағы «Балдәурен» жазғы сауықтыру лагерінде жоспарға сәйкес оқушылардың ағылшын тіліне деген қызығушылығын арттыру, олардың тілдік қарым-қатынас жасау дағдыларын дамыту және мәдени таным көкжиегін кеңейту мақсатында «English Party» танымдық-ойын-сауық кеші ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында оқушылар ағылшын тілінде түрлі амандасу үлгілерін қолданып, өздерін таныстырып, қызықты сұрақ-жауап ойындарына, викториналарға, сөздік қорды дамытуға арналған тапсырмаларға және командалық сайыстарға белсене қатысты. Балалар ән айтып, тақпақтар оқып, шағын көріністер қойып, өздерінің шығармашылық қабілеттерін көрсетті. Сонымен қатар ағылшын тілінде сөйлесу арқылы күнделікті қарым-қатынасқа қажетті сөздер мен сөз тіркестерін қолдануды тәжірибе жүзінде меңгерді.
Шара оқушылардың шет тілін үйренуге деген ынтасын арттырып қана қоймай, олардың өз ойын еркін жеткізуіне, топпен жұмыс жасауына, коммуникативтік мәдениетін қалыптастыруына және шығармашылық белсенділігін дамытуына оң әсерін тигізді. Әрбір тапсырма балалардың танымдық белсенділігін арттырып, білімдерін шыңдауға бағытталды.
«English Party» кеші лагерь тәрбиеленушілеріне көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, достық қарым-қатынасты нығайтуға, жаңа білім алуға және бос уақыттарын тиімді өткізуге мүмкіндік берді. Осындай мазмұнды іс-шаралар арқылы оқушылардың көптілді тұлға ретінде қалыптасуына жағдай жасалып, білімге құштарлығы мен мәдениетаралық қарым-қатынас дағдылары дами түсті.





