18
қараша
2025
ЛИЦЕЙ ПРЕЗИДЕНТІН ҰЛЫҚТАУ РӘСІМІ

Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты Ө. Жолдасбеков атындағы №9 ІТ лицейімізде мектептің өзін-өзі басқару жүйесін жандандырып, оқушылардың көшбасшылық қабілеттерін дамытуға бағытталған маңызды шара –Лицей Парламенті Президенті, «Жас Ұлан» ұйымының ұлан басшысы және «Адал Ұрпақ» ерікті клубы президенттерін ұлықтау рәсімі өтті. Шараның басты мақсаты – жаңа оқу жылындағы оқушы көшбасшыларын ресми түрде таныстырып, олардың білім ордамыздағы қоғамдық-тəрбиелік жұмыстардағы жауапкершілігін бекіту.
Салтанатты жиын барысында Лицей парламенті президенті ант беріп, лицей қауымдастығы алдында адалдықпен қызмет етуге, әділдік пен жауапкершілік қағидаларын ұстануға, оқушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға уәде етті. Бұл ант – мектеп өміріне белсенді араласып, оқушылардың рухани-адамгершілік дамуына ықпал ететін көшбасшы тұлғаның жаңа міндеттерін айқындайтын маңызды сәт болды.Былтырғы үздік белсенділік көрсеткен оқушыларға алғыс хат табысталды.Ұйымдастырушы: М.Үсен
Сонымен қатар жиында «Жас Ұлан» ұйымының ұлан басшысы таныстырылып, жас ұрпаққа елжандылық, бірлік, тәртіп, рухани байлық сынды құндылықтарды насихаттаудағы жетекшілік рөлі айқындалды. Ұлан басшысы мектептегі тәрбиелік шараларды ұйымдастыруға және оқушыларды қоғамдық белсенділікке жұмылдыруға жетекшілік ететін болады.
Рәсім барысында «Адал Ұрпақ» ерікті клубының президенті де ресми түрде бекітіліп, парасаттылық, әділдік, мәдениетті қарым-қатынас пен еріктілік қызметін дамытуға бағытталған жұмыстарды үйлестіру міндеті жүктелді. Бұл ұйым лицейдегі парасаттылық мәдениетін қалыптастыруда ерекше маңызға ие.
Ұлықтау рәсімінде лицейдің қоғамдық өмірінде белсенділік танытып жүрген оқушылар таныстырылып, олардың мектеп дамуына қосар үлестері атап өтілді. Жаңа сайланған көшбасшылар – мектептің бірлігі мен тәртібін сақтауда, түрлі тәрбиелік жобаларды жүзеге асыруда, оқушылар арасындағы достық ахуалды қалыптастыруда негізгі тұлғалар болып табылады.
Бұл бірыңғай шара лицейіміздің тәрбие жүйесін қалыптастыруда, оқушылардың көшбасшылық дағдыларын дамытуда және мектеп қоғамдастығын белсенді, жауапты, адал болуға тәрбиелеуде маңызды қадам болып табылады.





