23
желтоқсан
2025
АТА-АНАЛАРДЫ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫ
Ө.Жолдасбеков атындағы №9 IT-лицейде 22.12.2025 жылы “Адал азамат-біртұтас тәрбие “бағдарламасы аясында Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығының жетекшілері Мошкалова Лаззат Демесбековна және Абенова Жазира Абдимомынқызының бастамасымен 6-сынып оқушыларымен «Әкем және мен» тақырыбында тәрбиелік мәні зор іс-шара өткізілді. Шараның негізгі мақсаты – оқушылардың әке тұлғасына деген құрметін арттыру, әке мен бала арасындағы өзара түсіністік пен рухани байланысты нығайту, отбасылық құндылықтарды дәріптеу болды.
Іс-шара барысында оқушылар әкелері туралы ойларын ортаға салып, жүрекжарды пікірлерін білдірді. «Әкем – менің тірегім», «Әкеммен өткізген бір күнім» тақырыптарында шағын әңгімелер айтып, эссе оқыды. Сонымен қатар әке мен бала арасындағы сыйластық, жауапкершілік, қолдау секілді маңызды ұғымдар талқыланды.
Кездесу барысында сұрақ-жауап, ой бөлісу сәттері ұйымдастырылып, оқушылардың белсенділігі жоғары болды. Әсіресе, әкенің отбасындағы рөлі, бала тәрбиесіндегі орны туралы айтылған ойлар тәрбиелік мәнімен ерекшеленді.
Аталған іс-шара оқушылардың бойында адамгершілік құндылықтарды қалыптастыруға, әке бейнесін қадірлеуге, отбасындағы сыйластықты нығайтуға ықпал етті. Кездесу мазмұнды әрі әсерлі өтіп, қатысушыларға жақсы көңіл күй мен терең ой қалдырды.








