21
сәуір
2026
БУЛЛИНГ ЖӘНЕ КИБЕРБУЛЛИНГТІҢ АЛДЫН АЛУ-ҚАУІПСІЗ ОРТА ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ МАҢЫЗДЫ ШАРТЫ
Ө.Жолдасбеков атындағы №9 IT лицейінде 17 сәуір күні ІІ ауысым оқушыларына арналған «Буллинг және кибербуллингтің алдын алу – қауіпсіз орта қалыптастырудың маңызды шарты» тақырыбында мазмұнды кездесу ұйымдастырылды. Аталған іс-шара жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру және қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру мақсатында өткізілді.
Кездесуге арнайы шақырылған қонақтар – Шымкент ҚПД Әл-Фараби АПБ ҚҚБ ЮПБ полиция капитаны Ж.Қ.Шахалақ, лицей директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары Н. Р. Дусметова мен А. Т. Асилова,аға тәлімгер Э.Ж.Султанбаева,педагог ұйымдастырушы М.Б.Үсен, педагог-психологтар Ә.Б.Бектаева және Е.А.Пузанкова, сондай-ақ әлеуметтік педагог Ж.М.Мылтықбек оқушылармен ашық пікір алмасып, маңызды ақпараттармен бөлісті.
Іс-шара барысында буллинг пен кибербуллингтің мәні, оның түрлері, жасөспірім психологиясына тигізетін кері әсері жан-жақты түсіндірілді. Әсіресе, әлеуметтік желілер арқылы жасалатын қысым көрсету, қорқыту, мазақ ету сияқты әрекеттердің салдары ауыр болатыны, оның тек моральдық емес, құқықтық жауапкершілікке де әкелетіні нақты мысалдар арқылы баяндалды. Полиция капитаны Ж.Қ.Шахалақ өз сөзінде кибербуллингтің алдын алу жолдарын, заң аясындағы жауапкершіліктерді түсіндіріп, әрбір оқушының құқықтары мен міндеттеріне тоқталды.
Кездесу барысында оқушыларға кибербуллинг туралы арнайы бейнеролик көрсетіліп, ондағы жағдайлар талқыланды. Бұл бейнематериал жасөспірімдердің интернет кеңістігіндегі қауіпсіздігін сақтаудың маңыздылығын терең ұғынуға ықпал етті. Оқушылар өз ойларын ортаға салып, сұрақтар қойып, мамандардан нақты жауаптар алды.
Педагог-психологтар буллингтің алдын алу үшін өзара сыйластық, эмпатия, қолдау көрсету мәдениетін қалыптастыру қажеттігін атап өтіп, қиын жағдайға тап болған кезде көмек сұраудың маңыздылығын түсіндірді. Ал әлеуметтік педагог оқушыларға сенім телефондары мен көмек көрсету қызметтері туралы мәлімет беріп, әрбір баланың қауіпсіз ортада білім алуға құқығы бар екенін ерекше атап өтті.
Аталған іс-шараның тәрбиелік мәні зор болды. Ол оқушылардың құқықтық санасын қалыптастырып қана қоймай, олардың бойында жауапкершілік, адамгершілік, бір-біріне деген құрмет сияқты құндылықтарды нығайтуға бағытталды. Осындай мазмұнды кездесулер жас ұрпақтың саналы, қауіпсіз және мәдениетті тұлға болып қалыптасуына оң ықпал ететіні сөзсіз.





