Ө.Жолдасбеков атындағы №9 ІТ лицейінде «90 жыл – 90 кездесу» жобасы аясында ерекше мазмұнға ие, тәрбиелік мәні зор кездесу ұйымдастырылды. Аталған шара «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында және сәуір айындағы маңызды күндердің бірі – Дүниежүзілік денсаулық күнімен тұспа-тұс келіп, «Өмірге салауатты қадам» тақырыбымен үйлесім тапты.
Кездесуге медицина саласында табысты еңбек етіп жүрген, лицейіміздің мақтаныш түлектері шақырылды:Мухитдинова Дильбар Тойчиваевна – тәжірибелі врач-педиатр, 1973 жылғы түлек
Утегенова Анара Уалихановна – білікті врач-дерматовенеролог, 2003 жылғы түлек
Оналбаева Рита Талғатқызы – «Алинур» клиникасының участкелік қызмет бөлімінің меңгерушісі
Кездесуге 10-сынып оқушылары қатысып, медицина саласының қыр-сырымен танысты. Қонақтар өздерінің мамандыққа келу жолы, кәсіби тәжірибесі, дәрігер мамандығының жауапкершілігі мен адам өміріндегі маңызы туралы мазмұнды ойларымен бөлісті.
Оқушылар белсенділік танытып, көкейлеріндегі сұрақтарын қойды. Әсіресе, болашақ мамандық таңдау, медицина саласына түсу талаптары, дәрігердің адам өміріндегі рөлі мен жауапкершілігі туралы сұрақтар жан-жақты талқыланды. Қонақтар шынайы өмірлік тәжірибеге сүйене отырып, әр сұраққа нақты әрі пайдалы жауаптар берді.
Бұл кездесу оқушылар үшін тек ақпарат алу ғана емес, сонымен қатар салауатты өмір салтын ұстанудың маңызын түсінуге, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға, қоғамға пайдалы азамат болуға бағытталған маңызды тәрбие алаңы болды.
Түлектердің жетістіктері – жас ұрпаққа үлкен үлгі. Осындай кездесулер арқылы оқушылардың бойында адалдық, еңбекқорлық, жауапкершілік және салауатты өмірге ұмтылыс сияқты құндылықтар қалыптасады.
Лицей мен түлек арасындағы байланыс – ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі. Осындай игі іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады!