19
қараша
2025
“ SMART BALA ” ЖОБАСЫ
Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты Ө. Жолдасбеков атындағы №9 ІТ лицейімізде «Smart bala» жобасы аясында «Startup» байқауы ұйымдастырылып, оқушылардың инновациялық ойлау қабілетін, шығармашылық әлеуетін және цифрлық сауаттылығын дамытуға бағытталған маңызды іс-шара өтті. Байқауды ДТІЖО Н. Р. Дусметова және Информатика пән бірлестігі, жетекшісі А.А. Бейсембаева үйлестіріп, қатысушы оқушыларға жан-жақты қолдау көрсетті.
Байқаудың негізгі мақсаты – оқушылардың нақты өмірде кездесетін мәселелерге инновациялық тұрғыдан қарау, оны шешудің тиімді жолдарын ұсыну және заманауи технологияларды қолдана отырып, нарыққа қажетті, сұранысқа ие өнім немесе қызмет түрін әзірлеу. Стартап мәдениетін қалыптастыру арқылы жасөспірімдерге болашақ мамандыққа бейімделу, кәсіпкерлік дағдыларын жетілдіру және өз идеяларын іске асыруға мүмкіндік берілді.
Стартап жобалары қоғамның күнделікті өмірінде туындайтын проблемаларды анықтап, оны шешуге арналған оңтайлы шешімдер ұсынуымен ерекшеленді. Қатысушылар цифрлық қосымшалар, білім беру платформалары, тұрмысты жеңілдететін смарт құрылғылар, әлеуметтік бағыттағы инновациялық бастамалар секілді түрлі жобалар әзірлеп, өз идеяларын дәлелді түрде қорғады.
Байқау барысында оқушылар командамен жұмыс істеу, жобаны жоспарлау, нарықты талдау, өнімнің тиімділігін бағалау, презентация жасау секілді өзекті дағдыларды меңгеріп, стартап экожүйесінің құрылымымен танысты. Бұл үдеріс оларды шығармашылыққа жетелеп қана қоймай, жауапкершілік, инициатива, жүйелі ойлау, критикалық талдау қабілеттерін дамытуға ықпал етті.
Іс-шара нәтижесінде жас стартаперлердің ұсынған шешімдері – құндылыққа бағытталған, пайдаланушыға тиімді, әрі тұрақты бизнес моделін қалыптастыруға негізделген идеялар ретінде жоғары бағаланды. Бұл байқау балалардың инновациялық әлеуетін ашып қана қоймай, мектептің білім беру процесінде заманауи технологияларды қолдануға бағытталған жаңа серпін берді.
«Smart bala» – болашаққа бастар жол.
«Startup» – идеяны іске асыру алаңы.






