15 қараша – Ұлттық валюта күніне арналған сынып сағаттары өтті 
Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты Ө.А.Жолдасбеков атындағы №9 IT лицейінде 15 қараша – Ұлттық валюта – теңге күніне орай барлық сыныптарда тәрбие бағытындағы сынып сағаттары өткізілді.
Бұл шараның негізгі мақсаты – оқушылардың еліміздің тәуелсіздігінің басты нышандарының бірі – теңге тарихына деген құрметін арттыру, ұлттық құндылықтарды бағалауға тәрбиелеу және экономикалық сауаттылығын дамыту болды.
1–4 сыныптарда «Теңге — Тәуелсіздіктің тірегі» тақырыбында сынып сағаттары ұйымдастырылды. Балалар теңгенің пайда болу тарихымен, ұлттық валютамыздың маңызымен танысып, өз елінің тәуелсіз қаржы жүйесіне деген мақтаныш сезімін қалыптастырды. Сонымен қатар қауіпсіздік сабағында «Жасанды интеллекті мүмкіндіктері. Ата-аналардың дауыстарымен қоңырау шалу» тақырыбы талқыланып, оқушыларға цифрлық қауіпсіздік және жеке деректерді қорғау ережелері түсіндірілді.
5–8 сыныптарда «Ұлттық валюта – теңге» тақырыбындағы сабақтарда оқушылар ұлттық валюта тарихын, теңгенің экономикалық және мәдени мәнін талқылап, қаржылық сауаттылық негіздерімен танысты. Қауіпсіздік сабағында «Денсаулықты сақтайтын әдеттер» тақырыбы қамтылып, салауатты өмір салты мен күнделікті пайдалы әдеттердің маңызы туралы пікір алмасты.
9–11 сыныптарда «Ұлттық валюта – теңге» тақырыбы жастардың ел экономикасына қызығушылығын арттыру мен қаржылық мәдениетті қалыптастыруға бағытталды. Сонымен қатар «Зорлық-зомбылықтан қорғану: оның әдістерін және көмекке жүгіну қағидаларын білу» атты қауіпсіздік сабағы өткізілді. Сабақ барысында оқушыларға өз қауіпсіздігін сақтау жолдары, зорлық-зомбылық түрлері мен көмек сұрау тетіктері жөнінде кеңес берілді.
Қорытындысында, барлық сыныптарда өткен сабақтар ұлттық мақтаныш сезімін қалыптастырумен қатар, қаржылық сауаттылық, адамгершілік, қауіпсіздік мәдениеті және жауапкершілік құндылықтарын дамытуға бағытталды.