26
тамыз
2026
2026–2027 ОҚУ ЖЫЛЫНА АРНАЛҒАН ӘНХ: МҰҒАЛІМ БІЛУІ ТИІС НЕГІЗГІ ӨЗГЕРІСТЕР

Ө.Жолдасбеков атындағы №9 ІТ лицейінде ұжыммен биылғы жаңа оқу жылында білім беру үдерісінде бірқатар маңызды жаңашылдықтар қарастырылды. Әдістемелік нұсқау хаттағы негізгі өзгерістер бағалау жүйесінен бастап, жасанды интеллектіні қолдану, пәндерді оқыту мазмұны мен инклюзивті білім беруге дейінгі бағыттарды қамтыды.Түсіндіру жұмысын лицейдің әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары Ж.И.Сеитова жүргізді.
2–4 сыныптарда оқу жетістіктерін бағалаудың жаңа тәсілі енгізіледі. Формативті бағалау 1–10 балл аралығында жүргізіліп, әр оқушы тоқсан ішіндегі сабақтардың кемінде 30%-ында бағалануы тиіс. Формативті бағалаудың мақсаты – тек баға қою емес, оқушының қиындықтарын анықтап, оқытуды түзету.
2–4 сыныптарда бұрынғы форматтағы жеке ТЖБ өткізілмейді. Тоқсандық баға формативті және аралық бағалау нәтижелері негізінде, ал жылдық баға тоқсандық бағалардың арифметикалық орта мәні бойынша қойылады.
1–4 сыныптарда «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект» пәні қарастырылады. Оқушылар ЖИ ұсынған ақпаратты тексеруді, жеке және құпия деректерді қорғауды және дұрыс prompt құрастыруды үйренеді. Ең бастысы – ЖИ оқушының орнына тапсырма орындаушы емес, көмекші құрал ретінде қолданылуы керек.
Тілдік пәндерде цифрлық технологиялар мен ЖИ қолдануға, математикада функционалдық және математикалық сауаттылыққа, жаратылыстану бағытында зерттеу, эксперимент, STEM және практикалық жұмыстарға ерекше назар аударылды.
Әр педагог үшін өзгерістерді алдын ала зерделеп, оқу үдерісін соған сәйкес жоспарлау маңызды.


