21
мамыр
2026
ЛИЦЕЙ ТАРИХЫНДАҒЫ ТАҒЫЛЫМЫ ТЕРЕҢ, МЕРЕЙІ ҮСТЕМ МЕРЕКЕ !
Бүгін Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты Ө. Жолдасбеков атындағы №9 IT лицейінде білім ордасының 90 жылдық мерейтойы кең көлемде, жоғары деңгейде аталып өтті. Бұл — тек бір оқу орнының ғана емес, тұтас ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосқан қасиетті қарашаңырақтың тарихын, тағылымын, жетістігін дәріптеген тағылымды күн болды.
Тамыры тереңге жайылған лицейдің 90 жылдық мерейтойына еліміздің әр өңірінен арнайы қонақтар келіп, білім ордасының өткені мен бүгініне куә болды. Мерейтой аясында лицей қабырғасынан түлеп ұшқан әр жылдардағы түлектердің басын қосқан ерекше кездесу ұйымдастырылып, 1982–2024 жылдар аралығындағы түлектер алтын ұя мектебімен қайта қауышты. Жылдар өтсе де жүректегі мектепке деген сағыныш, ұстазға деген құрмет пен ыстық ықылас айрықша сезілді.
Мерекелік шараға Педагогикалық шеберлік орталығының (ЦПМ) басшысы, лицейді 19 жыл бойы абыроймен басқарған ардақты басшы Баян Айтбековна, академик Өмірзақ Жолдасбековтың замандастары мен жолдастары, ардагер ұстаздар, зиялы қауым өкілдері, ата-аналар мен түлектер қатысып, ізгі тілектерін білдірді.
Кеш барысында лицейдің қалыптасу тарихы, білім мен тәрбие саласындағы жетістіктері, дарынды шәкірттері мен кәсіби ұстаздарының еңбегі кеңінен насихатталды. Қонақтар лицейдің 90 жыл ішінде ел дамуына үлес қосқан сан мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, талай белесті бағындырғанын ерекше атап өтті.
Мерейтой аясында ұйымдастырылған концерттік бағдарлама көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Оқушылар мен түлектердің өнері, патриоттық рухтағы әндер мен ұлттық құндылықтарды дәріптеген қойылымдар көпшілік жүрегінен орын алды. Әсем музыка, тағылымды көріністер мен әсерлі естеліктер мерекенің мазмұнын тереңдете түсті.
90 жылдық тарихы бар лицей — тек білім беретін мекеме ғана емес, ұлт болашағын тәрбиелейтін рухани орта, тағылым мен тәрбие тоғысқан қасиетті орда екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ұрпақтар сабақтастығын жалғаған бұл кездесу жас буынға өнеге, өткенге құрмет, болашаққа сенім сыйлаған маңызды мереке болды.
Осындай мерейлі сәтте лицейімізге ақжарма тілегін арнаған барлық қадірлі қонақтарға, түлектерге, ұстаздарға және ұйымдастыру жұмыстарына атсалысқан жандарға шынайы алғыс білдіреміз!











