17
наурыз
2026
16-НАУРЫЗ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ САЛТ-ДӘСТҮР КҮНІ
Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты Ө.Жолдасбеков атындағы №9 IT лицейінде Наурызнама онкүндігі аясында 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай бастауыш сыныптардың әдістемелік бірлестігі ұйымдастыруымен мазмұнды әрі тағылымы мол іс-шаралар өткізілді. Іс-шараның басты мақсаты – оқушыларға халқымыздың бай мәдени мұрасын таныстыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, салт-дәстүрге деген құрметті арттыру және жас ұрпақтың бойына ұлттық рух пен отансүйгіштік қасиеттерді сіңіру болды.
Мерекелік іс-шара барысында лицей қабырғасында «Ұлттық мәдениет» көрмесі, ұлттық тағамдар көрмесі және қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Көрме барысында оқушылар қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, мәдениеті мен дәстүрін айқындайтын түрлі ұлттық бұйымдармен танысып, олардың шығу тарихы мен қолданылу ерекшеліктері туралы қызықты мәліметтер алды.
Сонымен қатар ұлттық тағамдар көрмесінде халқымыздың дастарқан мәдениетін айшықтайтын дәстүрлі тағамдар ұсынылып, олардың дайындалу жолдары мен тәрбиелік мәні туралы түсіндірілді. Бұл көрме оқушыларға ұлттық ас мәзірінің ерекшелігін танытып қана қоймай, ата-бабадан қалған ас мәдениетінің маңызын ұғынуға мүмкіндік берді.
Ал қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесінде оқушылар мен ұстаздар қолдан жасаған түрлі сәндік және тұрмыстық бұйымдар қойылып, қазақтың қолөнер өнерінің әсемдігі мен шеберлігі дәріптелді. Ұлттық нақыштағы бұйымдар жас ұрпаққа ата-баба мұрасын қастерлеу мен ұлттық өнерге қызығушылықты арттыруға ықпал етті.
Іс-шара барысында оқушылар белсенділік танытып, ұлттық мәдениет туралы ой бөлісіп, қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының маңызын түсінуге мүмкіндік алды. Мұндай тәрбиелік маңызы зор шаралар жас ұрпақтың ұлттық болмысын қалыптастырып, мәдени мұраға деген құрметін арттыра түседі.
Ұлттық мәдениет – ұлттың рухани байлығы мен болмысын айқындайтын асыл қазына. Осындай тағылымды іс-шаралар арқылы оқушылар халқымыздың мәдениеті мен дәстүрін тереңірек танып, ұлттық құндылықтарды қастерлеуге тәрбиеленеді.







